16 там, 2022 сағат 18:50

Қаңтар оқиғасы: қауіпсіздік қызметкерлері өлімінің мән-жайы айтылды


Бас прокуратура қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде қаза болған әскерилер мен полицейлер өлімінің кейбір мән-жайын жариялады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.

Бүгінде өлім мән-жайлары анықталып, 176 адамға қатысты тергеу жалғасып жатыр, деді ОКҚ брифингінде Бас прокуратураның бірінші қызметі басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов.

"Олардың ішінде Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарында қаза тапқан құқық қорғау органдарының 19 қызметкері бар. Бұл қызметкерлер өлтірілген.

Тәртіп сақшылары өз міндеттерін атқара отырып, жаппай соққыға жығу, көлікпен басу салдарынан немесе оққа ұшып қаза болды. Бұл ретте олар қарусыз болған", - деді Қилымжанов.

Оның айтуынша, Алматы әкімдігінің ғимаратын қорғауға қатысқан қарусыз әскери қызметші, подполковник Хаировты өлтіру кезінде ерекше қатыгездік байқалған.

"Оның мәйіті ғимараттың төбесінен табылды. Тергеу азапталған өлімнен кейін қылмыскерлер айғақты жасыру үшін оның денесін өртеп жібергенін көрсетті. 39 жастағы офицердің отбасы және кәмелетке толмаған екі баласы бар", - деді Қилымжанов. 

Ол қазіргі уақытта құқық қорғау органдары "қасіретті қаңтардағы" адам өлімі фактілері бойынша 200-ден аса қылмыстық істі тергеп жатқанын айтты. Барлық іс бойынша нақты мән-жайды анықтау бойынша шаралар кешені қабылданған. Куә болуы мүмкін он мыңнан аса азаматтан жауап алынған.