14 нау, 2022 сағат 14:25

Қаңтар оқиғасы: Кәмелетке толмаған 9 күдіктіге қатысты қылмыстық іс тергеліп бітті


Қаңтар оқиға бойынша кәмелетке толмаған 9 күдіктіге қатысты қылмыстық іс тергеліп бітті. Бұл туралы Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Мәжілістің жалпы отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәжіліс депутаты Ерлан Смайылов Ішкі істер министрлігіне қаңтар оқиғасы бойынша қудалау орбитасына алынған кәмелетке толмаған күдіктілердің тағдыры туралы сұрақ қойды. 

«Бүгінде Ішкі істер органдарының өндірісінде кәмелетке толмаған тұлғаларға қатысты істер бойынша 12 күдікті бар. Олардың бәрінің бұлтартпау шаралары бас бостандығын шектеумен байланысты емес. Оның ішінде сіздердің өтініштеріңіз бойынша да бұлтартпау шаралары өзгертілді. 

Біздің мемлекеттің қылмыстық саясатының тұжырымдамасында екі векторлы даму жолы бар. Біз аса ауыр және ауыр қылмыс жасағандарға қатысты бұлтартпау шараларын қатаңдату бойынша түзетулер енгізгенбіз. Ал бас бостандығынан айырмай түзеп алуға болатындарға қатысты шараларды криминалсыздандыру, гуманизациялау шаралары қолға алынды. Сондықтан біздің мемлекеттің тұжырымдамасы бойынша бас бостандығынан айыру орындарында шынымен қоғамға қауіп төнідретіндер отыруы керек», - деді Ішкі істер министрі. 

Оның мәліметі бойынша, аталған 12 күдіктінің 3-не қатысты қылмыстық іс әлі тергеліп жатыр. 

«Олардың жеке басын ескеріп, кәмелетке толмағанын ескеріп, істегендеріне өкінетінін, келтірілген шығындарды өтегенін ескеріп, еркіндігін шектеумен байланысы жоқ бұлтартпау шаралары қабылданды. 9 күдікті бойынша қылмыстық іс тергеліп бітті. Олар қазір сотта. Ол жерде обьективті баға беріледі. 3 күдіктіге қатысты іс әлі өндірісте. Бүгінде біздің өндірісімізде кәмелекет толмағандар қамауда отырған жоқ», - деді Марат Ахметжанов.