02 нау, 2022 сағат 17:46

Қаңтар оқиғасы: Ішкі істер органдары 3 мыңға жуық істі тергеп жатыр


Ішкі істер органдарының тергеушілері қаңтар оқиғасына қатысты 2997 қылмыстық істі тергеп жатыр. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты қылмыстық істер арнайы прокурорлардың іс жүргізуінде, өз кезегінде ішкі істер органдары ұрлықтарды, тонауларды, қаруды ұрлау мен тәртіпсіздік барысында жасалған басқа да қылмыстарды тергеумен айналысады. Қазір ішкі істер органдары тергеушілерінің өндірісінде 2997 қылмыстық іс бар, олар бойынша сот санкциясымен 194 адам қамауда ұсталып отыр. Олардың көпшілігі, атап айтсақ, 152 адам жаппай тәртіпсіздік барысында ұрлық жасағаны үшін, 22 адам қаруды заңсыз сақтағаны және 24 адам қаруды ұрлағаны үшін қамаққа алынды», - деді спикер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде. 

Жеке басын, денсаулық жағдайын және тергеуге көрсетілген көмекті ескере отырып, 199 күдіктіге қамауда ұстау шарасы ешқайда кетпеу туралы қолхатқа, кепілге, үйқамаққа алуға және жеке кепілгерлікке ауыстырылған.

«Қамаудағы күдіктілерге тергеу изоляторларында, сондай-ақ қажет болған жағдайда медициналық мекемелерде білікті медициналық жәрдем көрсетіледі. Қазіргі уақытта ішкі істер органдарының істері бойынша қамалғандар арасында денсаулыққа шағымданғандар жоқ. Оларға адвокаттардың, туыстардың және құқық қорғаушылардың келуіне кедергісіз рұқсат қамтамасыз етілген. Ішкі істер органдары қаңтар оқиғалары бойынша 174 күдіктіге қатысты қылмыстық істерді айыптау актісімен аяқтады», - деді Санжар Әділов.