Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қарудың кезекті партиясы тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеевтің мәлім еткеніндей, жедел іздестіру іс-шаралары барысында көлік полицейлері Алматы қаласының 21 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады.
Аталған азамат қаңтар оқиғасынан кейін өзінің танысымен бірге Түрксіб ауданында орналасқан қараусыз қалған ғимараттың жертөлесіне екі атыс қаруын жасырған.
«Тексеру барысында күдіктінің бұрын адам тонағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Атыс қаруы тәркіленді. Сотқа дейінгі тергеу аясында басқа да қатысы бар адамдардың орналасқан жерін анықтау мақсатында барлық қажетті іс-шаралар жүргізілуде», деді О.Бекеев.
Департаменттің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, көлік полицейлері қаңтар оқиғасы кезінде қару ұрлауға қатысы бар 8 адамды қолға түсірді. Олардан барлығы 60 қару тәркіленді.