Бас прокуратура қаңтар оқиғасы тұсында ұсталғандарды азаптауға қатысты тергеп-тексеру нәтижелерін бөлісті, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында прокуратура органдары қаңтар айындағы оқиғалар кезеңінде ұсталғандарға азаптауды қолданған полиция қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істерді тергеуді жалғастырып жатыр.
Қазіргі уақытта арнайы прокурорлар Алматы облысының полиция департаментінде үтік басумен азаптауды қолдану туралы іс бойынша тергеу әрекеттерін аяқтады. Нәтижесінде полиция қызметкерлерінің 7-17 қаңтар аралығында Талдықорған қаласында жаппай тәртіпсіздік жасағаны үшін ұсталған 23 азаматқа азаптау қолданғаны дәлелденді.
Қылмыстық кодекстің 146-бабы бойынша 5 полиция қызметкері күдікті деп танылды, оның ішінде: 3 Криминалдық полиция басқармасының қызметкері, 1 Әкімшілік полиция басқармасының инспекторы және 1 ЖҚАЖ қызметкері" - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, 4 тамызда қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданған. Азаптауды қолданудың басқа да фактілерін тергеу аяқталуға жақын.