Қазақстанда қаңтарда болған жаппай ереуіл кезінде қылмыс жасады деген күдікпен 1 мыңнан астам адам жауапқа тартылып жатыр. Бұл туралы ҚР ІІМ тергеу департаментінің басқарма басшысы Ермек Шүлден мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазір қаңтар оқиғасына қатысты әр іс жан-жақты қаралып жатыр. Жаппай тәртіпсіздіктің себебі мен салдары анықталуда. Бүгінде 2919 қылмыстық іс қозғалған. Оның дені - ұрлық пен тонау. Жаппай тәртіпсіздікті пайдаланып қарапайым халықтың мүлкін талан-таражға салып, тонаған. Сонымен қатар заңсыз қару-жарақ иелену де бар. Қазіргі таңда осы қылмыстық істер бойынша 1 мыңнан астам адам жауапкершілікке тартылып жатыр. Оның 400-і күзетпен ұсталды, оның ішінде 219 адамға бас бұлтартпау шарасын қолдандық», - деді Ермек Шүлден «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының «Ashyq alań» қоғамдық-саяси ток-шоуының эфирінде.
ІІМ өкілінің айтуынша, ұсталған күдіктілердің ішінде жасөспірімдер де бар.
«Қаңтар оқиғасы көлемді, қаралатын іс көп. Әр оқиғаны тиянақты, объективті түрде қарау керек. Жаппай тәртіпсіздік кезінде 1700-ден астам нысан зақымданды. Ішкі істер органдары ұрлық, кісі өлтіру, тонау және басқа қылмыс түрі бойынша тергеу жалғасып жатыр», - дейді ол.