Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару-жарақтың басым бөлігі тәркіленді. Бұл туралы ІІМ тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қайғылы қаңтар қылмыстық істерін тергеу аясында тонауға, әсіресе қару ұрлауға қатысқан адамдарды анықтау жұмысы жалғасуда. Үш аптада Алматы қаласында, Алматы және Жамбыл облыстарында ұрланған қарудың басым бөлігі тәркіленді. Қазіргі уақытта тәркіленген қарудың жалпы саны - 747 және 18 мыңнан астам оқ-дәрі алынды», - деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Мәселен, оның дерегінше, 5 қаңтарда қару-жарақ дүкенін тонауға қатысқан, бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған Жамбыл облысының 33 жастағы тұрғыны 30 қаңтарда ұсталды.
«Ол дүкен есігіндегі темір торды сындыру үшін кабель байланған ВАЗ-2114 көлігін жүргізген. Нәтижесінде күдікті екі тегіс ұңғылы және екі ойық мылтықты иемденген. Алматы қаласында осы қаланың тағы 4 тұрғыны ұсталды. Олардан ұрланған 10 мылтық пен оқ-дәрі тәркіленді. Сонымен қатар, олардан қауіпсіздік күшінен ұрланған оқ өтпейтін кеудешелер, қалқандар мен шлемдер тәркіленді. Сот санкциясымен осы фактілер бойынша ұсталған күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деді департамент бастығы.