25 сәу, 2022 сағат 17:20

Қаңтар қырғыны кезінде Kaspi Bank филиалын тонағандар ұсталды


Қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде Алматыдағы Kaspi Bank филиалын тонаған күдіктілер ұсталды. Бұл туралы ҚР ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Полицияның жедел мүмкіндігімен қатар, бұл қылмыстарды ашуға саналы азаматтардың белсенді көмегі де ықпал етті. Олар кеңінен түсіндіру жұмысының нәтижесінде оқиға кезінде түсірілген бейнематериалдарды ұсынды. Осындай видеолардың бірінің арқасында Алматы қаласында бір топ жас жігітттің «Лунапарк» балалар ойын-сауық орталығынан ұрланған теледидарлар мен басқа да тұрмыстық техниканы автокөлікке тиеп ұрлағаны анықталды. Басқа видеода Алматы қаласындағы Kaspi Bank филиалына шабуыл жасалғаны көрінді. Онда бір топ адам қылмыс орнында, яғни айналасындағыларға және өтіп бара жатқан көліктерге назар аудармай тоналған мүлікті бөліскен», - деді Санжар Әділов орталық коммуникациялар қызметінде.

Осы орайда ол екі жағдайда да күдіктілер анықталып, қамауға алынғанын айтты.

«Азаматтар ұсынған бейнематериалдар қылмыскерлерді әшкерелеуге көмектеседі және заттай дәлелдеме ретінде пайдаланылады», - деді Тергеу департаментінің басшысы.