23 там, 2022 сағат 17:12

Қанды қаңтар: Төрт жүзден астам сотталып, оның жүзі түрмеге жабылды


ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов Қаңтар оқиғалары бойынша қозғалған қылмыстық істердің қаншасы аяқталғанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Ресми мәлімет туралы айтатын болсақ, полиция тергеушілері қаңтар оқиғалары бойынша 4 642 қылмыстық іс қозғады. 971 істің өндірісі аяқталды, оның ішінде 609 айыпталушыға қатысты іс соттарға жолданды. Сот қарауларының нәтижелері бойынша 539 айыпталушыға үкім шықты, олардың 425-і бас бостандығын шектеуге және тек 104-і ғана ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін бас бостандығынан айыруға сотталды», - деді Санжар Әділов ОКҚ алаңында,

Оның айтуынша, қазір полиция тергеушілерінің өндірісінде 276 іс бар (қаруды заңсыз сақтау – 50, кісі өлтіру – 33, билікті асыра пайдалану – 40, ұрлық – 16, бұзақылық – 4 және тағы басқа қылмыстар).

«Жалпы, бүгінгі таңда полиция тергеушілерімен 40 мыңға жуық тергеу әрекеттері жүргізілді. 15 мыңнан астам азаматтан жауап алынды және 2,5 мыңнан астам сараптама тағайындалды. Зардап шеккен азаматтарға 360 млн.теңгеге жуық сомаға бағаланған залалды өтеу қамтамасыз етілді. Оның ішінде, сотқа дейінгі тергеу және істерді сотта қарау сатысында күдіктілер өз еріктерімен жәбірленушілерге 15 млн.теңгеден астам сомаға залалды өтеді», - деді ол.