09 жел, 2019 сағат 14:11

Кәлетаев: «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» табысты жүзеге асырылуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында халық пен билік арасындағы диалогқа баса мән берілді. Бұл туралы ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дархан Кәлетаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы өзінің ерекшелігімен көзге түсті. Ең басты ерекшелігі – бұл жаңа Президенттің алғашқы Жолдауы болды. Ең алдымен, Жолдауда халық пен билік арасындағы диалог формуласы болды, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы әзірленді. Қазір көптеген сарапшылар осы бағыт туралы, халық тарапынан кері байланыс туралы пікірлерін білдіріп жүр. Қоғамның түрлі тарапынан оң пікірлер түсіп жатыр. Жалпы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» табысты жүзеге асырылуда», - деді Д. Кәлетаев Президенттің Қазақстан халқына Жолдауының алғашқы нәтижелері туралы ғылыми-практикалық конференцияның ашылуында.

Оның айтуынша, Жолдаудың алғашқы нәтижелері туралы сарапшылардың бағасын алу маңызды.

«Сондықтан да, бұл конференцияны ұйымдастыруды Еуразиялық интеграция және Қазақстан стратегиялық зерттеулер институттарына тапсырдық. Бүгінгі жиында үлкен қызу пікірталастың болғанын қалаймыз. Себебі, пікірталас маңызды. Алғашқы қорытындыда қайда бара жатқанымызды, дұрыс бағытта екенімізді, қоғамның бізден не күтіп отырғанын білуіміз қажет. Қазірдің өзінде Жолдау бойынша нақты шаралар басталып кетті. Жолдауды жүзеге асыру туралы бірқатар заңнамалық актілер қабылданды. Жыл соңына дейін Қасым-Жомарт Кемелұлының мемлекеттік аппарат пен Үкімет алдына қойған нақты тапсырмалармен байланысты тағы бірнеше мемлекеттік құжаттарды бекіту жоспарланған», - деді Д. Кәлетаев.

Айта кетейік, елордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының алғашқы нәтижелері талқыланып жатыр. Оған мемлекеттік органдардың, Қазақстанның ғылыми-сараптамалық қауымдастығының 80-нен астам өкілі қатысуда.