Түркістан облысында із-түзсіз жоғалған азаматты қарызын қайтарғысы келмеген танысын өлтіргені анықталды. Бұл туралы өңірлік Полиция департаменті хабарлады.
14 наурыз күні түнгі сағат 23:00 шамасында Түркістан облысы Сайрам аудандық полиция басқармасына жергілікті әйел тұрғын күйеуінің із-түзсіз жоғалғаны туралы хабарлаған. Сайрамдық сақшылар жоғалған азаматты іздеуге бірден кіріскен. Жан-жаққа бағыттамалар беріліп, аудандық полиция басқармасының жеке құрамы жұмылдырылды. Аудандағы такси жүргізушілерінен және көруі мүмкін деген тұрғындардан сұрақ-жауап алынды.
Атқарылған ауқымды жұмыстың нәтижесінде аудан полицейлері күдіктінің ізіне түскен. Ол жоғалған азаматтың танысы, Сайрам ауданы, Қарамұрт ауылының тұрғыны. Күдікті өз кінәсін мойындамай, жауаптан жалтаруға тырысқан.
«Алайда полицейлер дәлелдер мен айғақты заттарды жинақтап, жоғалған азамат өзінің «БМВ» көлігін тастап, тек осы күдіктімен жолыққанын және күдіктінің көлігіне отырып кеткенін толығымен дәлелдеді. Осыдан соң күдікті өз кінәсін толық мойындады», - деді полициядан.
Тексеру барысында белгілі болғандай, жоғалған азамат өз танысынан ірі көлемдегі ақшасын алу үшін жолыққан. Күдіктінің көлігіне отырып, жолда кетіп бара жатқанда екеуінің арасында дау-жанжал туындаған. Салдарынан қарызды қайтарғысы келмеген күдікті ер азаматты буындырып өлтірген. Қылмыс ізін жасыру мақсатында денесін карьердің маңына көміп тастаған.
«Күдікті ер азамат қамауда. Ол бұрын сотты болмаған. Оған қатысты ҚР ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігімен («Адам өлтіру») сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Істің толық мән-жайы тергеу барысында анықталатын болады», - деп толықтырды полициядан.