Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында ішкі істер органдарының 32 қызметкері Президент Қ.Тоқаевтың Жарлығымен мемлекеттік наградамен, сондай-ақ 8 қызметкер Үкімет басшысының марапатымен атап өтілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Марапаттау рәсімі Ішкі істер министрлігінде өтті.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев әскери және қызметтік борышын үлгілі орындағаны және тәртіпті қамтамасыз етуде көрсеткен ерік-жігері үшін ІІМ-нің 540 қызметкері мен әскери қызметшілерін марапаттады.
Е.Тұрғымбаев салтанатты жиында Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен біздің еліміз әлемдегі тұрақты және беделді мемлекетке айналғаны туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқан сөзін еске алды.
Сонымен бірге, министр елдегі құқықтық тәртіптің деңгейі полицияның жұмыс сапасымен тығыз байланысты екенін, әрқайсымыздың күш-жігеріміз қылмысқа және кез келген заң бұзушылықтарға батыл қарсы тұруға бағытталуы тиістігін, халық пен полиция арасында берік қарым-қатынас қалыптастыру, азаматтардың ішкі істер органдарына деген сенімін арттыру маңызды міндет болып табылатынын тағы бір мәрте атап өтті.
«Ішкі істер органдарының жеке құрамы алдағы уақытта да құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, өздерінің қызметтік міндеттерін үлгілі және қажырлы атқара береді деп сенемін», - атап өтті ол.
Сондай-ақ ведомство басшысы Тәуелсіздік күні қарсаңында ардагерлерге ерекше алғыс білдірді.
Іс-шараның салтанатты бөлігі аяқталған соң қызметкерлер, ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері, сондай-ақ шақырылған қонақтар үшін мерекелік концерт болды.
Қазақстанның тәуелсіздігі жылдары қызметтік борышын адал орындағаны, ерлігі мен батылдығы үшін ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның 1340 қызметшісіне мемлекеттік награда берілсе, оның ішінде 131-і қаза тапқаннан кейін наградталды.
Сонымен қатар, шара барысында «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Нұргүл Мауберлинова, «Қазақстан» ТКРК» АҚ төрағасы Ләззат Танысбай, «Хабар» агенттігі» АҚ төрағасы Ерлан Бекхожин және өзге де БАҚ басшылары марапатталды.