14 мам, 2021 сағат 22:31

Ішкі істер министрлігі білім беру мекемелерін тексеруді бастады


Ішкі істер министрлігі білім беру мекемелерін тексеруді бастады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" министрлікке сілтеме жасап.

Ішкі істер министрлігінде Білім беру ұйымдарында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша кезектен тыс жедел кеңес өтті.

Кеңес барысында министр Ерлан Тұрғымбаев ІІМ қызметтері мен аумақтық полиция департаменттерінің басшыларына барлық білім беру мекемелерін бейнебақылау жүйелерімен, қызметкерлер мен келушілерді хабардар ету құралдарымен, дабыл түймелерімен, күзет сигнализациясымен және күзетпен жарақтандыруды тексеруді тапсырды. 

17 мамырда басталатын «Қару» жедел алдын алу іс-шарасы шеңберінде қару мен оқ-дәрілерді сатудың заңдылығын, оларды қару дүкендерінде, сондай-ақ атыс қаруының иелері болып табылатын заңды және жеке тұлғаларда қауіпсіз сақтау шарттарын тексеруді қамтамасыз ету тапсырылды. 

Сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылықты насихаттау фактілерін анықтау және ден қою үшін интернет-кеңістіктің тұрақты мониторингі жүзеге асырылатын болады. 

«Балалар – қоғамның ең осал бөлігі. Сондықтан олардың қауіпсіздігі әрқашан басымдыққа ие. Жергілікті атқарушы органдармен, білім беру мекемелерімен және азаматтармен бірлесіп біз балалардың мектептерде білім алып, ата-аналардың бала қауіпсіздігі туралы алаңдамауы үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға тиіспіз», – деді ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 11 мамырда Қазан қаласындағы мектепте қылмыскер оқ жаудырып, адамдар құрбан болды. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Татарстанның Қазан қаласында болған жағдайға байланысты еліміздегі ағымдағы жағдайға талдау жүргізуді және жақын арада балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық деңгейлерде қосымша кешенді шаралар қабылдауды тапсырды.