12 қар, 2021 сағат 12:55

Инфляцияның өсуіне қандай факторлар әсер етті – Ұлттық банк


Инфляцияның өсуі сыртқы және ішкі факторларға бірдей дәрежеде байланысты. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев Қазақстан қаржыгерлерінің IX конгресінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұлттық банктің негізгі мандаты – баға тұрақтылығын қамтамасыз ету. Пандемияның өршу кезеңінде біз ішкі сұраныс төмендеген жағдайда экономикалық белсенділікті сақтау үшін ынталандырушы ақша-кредит саясатын жүргіздік, бұл карантинді қатаңдату шараларының дезинфляциялық әсерін күшейтті. Экономика өсімінің оң траекториясына шыққан соң біз проинфляциялық тәуекелдер күшейген жағдайда ақша-кредит саясатының бағытын өзгертеміз. Бүгінде байқалып отырған инфляцияның өсуі сыртқы және ішкі факторларға тең дәрежеде байланысты», - деді Ерболат Досаев.

Спикердің айтуынша, бір жағынан жаһандық нарықтардағы сұраныс пен ұсыныс алшақтығының күшеюі жеткізудегі іркілістерге, тасымалдау құнының, шикізат пен азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне алып келеді. 

«Соңғы 10 жылда әлемде азық-түлік бағасының ең жоғары өсімі тіркелді, металдар бір жылда 1,5 есеге қымбаттады. Шикізатқа сұранысты көрсететін құрғақ жүктерді тасымалдау құны тапсырыстардың өсуі мен контейнерлердің жетіспеуіне байланысты 2019 жылдың аяғынан бастап 3,2 есеге және 2020 жылғы мамырмен салыстырғанда 7 есеге өсті. Нәтижесінде ең жоғары көрсеткіштер жаңарғанда сыртқы инфляциялық фон да нашарлайды. АҚШ-та инфляция 1990 жылдан бастап 30 жылдық максимумға жетіп, 6,2% болды, Еуропа одағында да ол рекордтық көрсеткіш – 4,1%-ға жетті», - деп атап өтті Ұлттық банк басшысы.

Ерболат Досаев мәлімдегендей, мұндай жағдайда орталық банктер ақша-несие шарттарын қатаңдатуға көше бастайды. Биылғы қыркүйек айының басынан бастап 24 елдің орталық банктері негізгі мөлшерлемелерін көтерген.