01 қыр, 2021 сағат 19:05

ІІМ мен ҰҚК Қазақстанның 5 өңірінде арнайы операция жүргізді


Қазақстанның бес өңірінде арнайы операция кезінде ұйымдасқан қылмыстық топтың 28 мүшесі ұсталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz басылымына сілтеме жасап.

Арнайы операцияны Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы қаласы, Алматы, Ақтөбе, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарының аумағында ІІМ-нің арнайы мақсаттағы бөлімшелерін тарта отырып жүргізген.

Polisia.kz мәліметінше, арнайы операцияның барысын Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы ұйымдастырған. Тәртіп сақшылары ҰҚТ-ның 28 мүшесін ұстап, олардың 16-сын қамауға алған. 53 нысанды тінту кезінде атыс қаруының арсеналы мен оқ-дәрілер тәркіленді, сондай-ақ бақылауға арналған арнайы техника табылды. 


"Соталды тергеу барысында ҰҚТ көшбасшылары Б. және Ж. тұрақты ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оны басқарғаны анықталды", - деді полиция өкілі

Құқық қорғау органдары мәліметінше, олар елдің оңтүстігінде 15 ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған. Оған үш қарақшылық шабуыл, кәсіпкерлерге қатысты қару қолданумен бес бопсалау, сондай-ақ бұзақылық және қаруды заңсыз сақтау кіреді.

"Қазіргі уақытта айыпталушыларға қатысты қылмыстық іс сотқа жіберілді", - деп қорытындылады құқық қорғау органдарының өкілі.