Қазақ жазуын латын графикасына көшіруді қолға алғаннан бері бірнеше әліпби жобасы ұсынылғаны белгілі: диграф, апостроф, акут және умлаут. Аталған әліпбилерде белгілі бір дыбысты білдіретін таңбалар жетілдіріліп, дамып отырғанын байқауға болады. Солардың қатарында «и» дыбысының таңбасы да бар.
Диграфты және апострофты әліпбилерде «Ии» дыбысы «Іі» таңбасымен, кейінгі акутты және умлаутты әліпбилерде «и» дыбысының бас әрпі ноқатпен (dot) «İі» таңбаланып берілді. Емлелік, фонетикалық, графикалық, статистикалық негіздемеге сүйеніп және UNICODE стандартына сәйкес техникалық сараптамасы жасалып барып мақұлданды, халық арасында қолдау тапты. Ендеше, осы «Ии» дыбысының латын әрпімен таңбалану тарихына көз жүгіртелік.
1924-1930 жылдары латын әліпбиіне көшу бағытында жарық көрген еңбектерде «Ии» дыбысын таңбалауда бірізділік жоқ. Н. Төреқұлов 1924 жылы Мәскеу қаласында жариялаған «Жаңа әліпби туралы» атты кітабында «Ии» дыбысын латынның «Уу» таңбасымен таңбалайды, ал екінші ұсынған жобасында екі әріппен береді: «Іі» және «у». Неге екені белгісіз, әліпбидің 21-реттік санында «Іі у» таңбалары бір жолда орналасқан.
Х. Досмұхамедов 1924 жылы «Ақ жол» газетінде жариялаған әліпбиінде «Ии» дыбысын «Іі» әрпімен береді.
1924 жылы М. Мырзаұлы үйренуге жеңіл, қолдануға қолайлы болуы үшін қазақ тілі дыбыстарының жуан-жіңішке болып жұп құрауын басты критерий ретінде алу қажеттігін айта отырып, латын әліпбиіне негізделген жоба ұсынады. Ол да Х.Досмұхамедұлы секілді «Ии» дыбысын «Іі» деп таңбалайды.
Т. Шонанұлы 1927 жылы «Тілші» газетінде өз жобасын жариялайды. «Бір дыбыс – бір әріп» қағидатын ұстанған ол қазақ тілінің үндестік заңын негізге ала 27 дыбысты 24 таңбамен береді. Жуан сөздерге дәйекше қойса, жіңішке болатынын айтады. Яғни жіңішкерту тәсілін пайдаланады. Бас әріп алынбайтын латыннегізді қазақ әліпбиі жобасында Т. Шонанұлы «и» дыбысына «і» таңбасын қолданады.
1928 жылы Ә. Байділдаұлы, Т. Шонанұлы, І. Қабылұлы, І. Жансүгірұлы, Ш.Тоқжігітұлдарының бірлесіп жасаған жобасында «и» дыбысы «u» әрпімен таңбаланған. Сонымен қатар олар әліпби қатарына «й» дыбысын да енгізіп, оны «j» таңбасымен берген. Бұл жобада да бас әріп пайдаланылмайды.
1930 жылы үкімет қаулысымен бекітілген латыннегізді қазақ әліпбиінде «и» дыбысына «j» әрпі алынған. Бұл әліпби 1940 жылы кирилл әліпбиін енгізгенге дейін қолданыста болды.
Бүгінгі түркі жұртының латын әліпбиінде «Ии» дыбысын таңбалауда ортақ жүйе бар: ол түрікте, түркіменде, қарақалпақта, әзірбайжанда «İі», ал өзбекте бас әріп ноқатсыз (dot) «Іі» таңбамен ұсынылған. Сонымен қатар Батыс Еуропа елдері: француз, итальян, неміс, ағылшын т.б. тілдерінде «Ии» дыбысы «Іі» ретінде таңбаланады.
Көріп отырғанымыздай, латыннегізді қазақ әліпбиіндегі «Ии» дыбысын «İі» әрпімен таңбалағанда, біріншіден, және ең бастысы – жалпытүркілік әліпбимен ортақтасамыз. Екіншіден, әлемдік латын әліпбиін қолданып отырған Еуропа, Америка елдеріндегі тілдермен жақындасамыз. Осыған орай әлемдік деңгейде бір ізге, ортақ жүйеге түскен таңбаны қалтырған жөн.
Қуаныш Ерғалиев,
филология ғылымдарының кандидаты,
қауымдастырылған профессор,
Павлодар мемлекеттік педагогикалық
университеті гуманитарлық
ғылымдар жоғары мектебінің деканы