19 нау, 2022 сағат 00:56

Гүлмира Сатыбалды екі айға қамауға алынды


Қайрат Сатыбалдыұлының бұрынғы жұбайы Гүлмира Сатыбалды 2 айға қамауға алынды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Нұр-Сұлтан қаласы сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"2022 жылғы 18 наурызда Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Г.К. Сатыбалдыға қатысты 2 ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады", - делінген хабарламада.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша басқа да деректер ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес жарияланбайтыны айтылды.

Еске салайық, бұған дейін Қайрат Сатыбалдыұлының бұрынғы жұбайы Гүлмира Сатыбалдыға қатысты бизнесті рейдерлік басып алу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғаны хабарланған еді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, агенттік Қайрат Сатыбалдыұлына, оның бұрынғы жұбайы Гүлмира Сатыбалдыға және басқа да тұлғаларға қатысты бизнесті рейдерлік басып алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған. 

Оған дейін елорда соты Қайрат Сатыбалдыұлын қамауда ұстауға қатысты шешім қабылдаған болатын. 

«2022 жылғы 15 наурызда Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Қ.Сатыбалдыұлына қатысты 2 ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады», - делінген таратылған мәліметте.