Фото: Оқу-ағарту министрлігі
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов биыл қаңтарда қайтыс болған сенатор Гүлмира Кәрімованың өлімін тексеру іс-шараларына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер министрден Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде депутат Гүлмира Кәрімованың өліміне қатысты деректі тіркеу және осы бойынша қылмыстық іс қозғау жайында сұрады.
«Елімізде Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімі аясында деректер қамтылады. Осы орайда кез келген арыз тіркеледі. Адам өліміне қатысты арнайы зерттеулер мен сараптамалар қамтылады», - деді Ахметжанов.
Оның айтуынша, аталған іс-қимылдарды жүзеге асыру үшін Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркеледі.
«Ешқандай қылмыстық іс қозғалмады. Бұл дерек Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде бар. Ол бойынша тексеру жүргізіліп жатыр, сондай-ақ өлім себебін анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама ескерілген. Осының барлығы қалыпты рәсім саналады. Яғни, кез келген арыз тіркеліп, ол бойынша тиісті тексеру жүргізіледі. Өлім себебі анықталмаса, сараптама жасалады, ал Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркеусіз сараптама жүргізу мүмкін емес», - деді министр.
Еске салайық, 27 қаңтарда сенатор Гүлмира Кәрімова кенеттен қайтыс болды.
Оған алдын ала «анафилактикалық шок» диагнозы қойылған еді.
Дегенмен кейін Астана қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы 45 жасында көз жұмған Гүлмира Кәрімованың өліміне жүрек талмасы себеп болғанын мәлім етті.