02 там, 2022 сағат 20:44

Грузияда көз жұмған Айтбаеваның ісі бойынша үкім шықты


Грузияда өз-өзіне қол жұмсап қайтыс болған жерлесіміз Әсел Айтбаеваның ісіне қатысты сот шешімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2022 жылғы 2 тамызда Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында М-ге қатысты жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып зорлау (ҚК-тің 120-бабының 1-бөлімі), сондай-ақ абайсызда жәбiрленушi А.-ның өліміне әкеп соққан адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен адамды сату фактісі бойынша айыптау үкімі шығарылды (ҚК-тің 128-бабының 2-бөлімі 4-тармағы)», - деп хабарлайды елорда сотынан.

Сотта анықталғандай, М жәбірленуші А-ға Грузияда 500 АҚШ доллар жалақы төлейтін жұмыс ұсынып, аталған елге баруына көмектескен.

«Айыпты М жәбірленуші А-ның ұйқылы-ояу күйін және дәрменсіздігін пайдаланып оны зорлаған. Одан кейін М жәбірленушіні жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу арқылы пайда табу мақсатында Грузия азаматы Б-ға тапсырған. Содан соң жәбірленуші А зорлық-зомбылықтан құтылу үшін 9 қабаттан секіріп, мерт болды», - дейді ведомстводан.

Хабарламада айтылғандай, прокурор сотталушыға зорлау фактісі бойынша (ҚК-тің 120-бабының 1-бөлімі) 5 жылға және адамды сату фактісі бойынша (ҚК-тің 128-бабының 2-бөлімі 4-тармағы) 11 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Осылайша кәніліні жалпы мерзімі 15 жылға бас бостандығынан айыра отырып, жазасын максималды қауіпсіздіктегі мекемеде өтеу ұсынылды.

Дегенмен сот хабарында жазылғандай жәбірленушінің өкілдері 15 жыл емес 20 жылға бас бостандығынан айыруды талап еткен. Сонымен қатар сотта істі болған М өзіне тағылған айыпты мойындамаған.

«Сотталушының адвокаты қорғаушысының іс-әрекетінде қылмыс құрамының болмауына байланысты оны ақтауды сұрады. Дегенмен оның кінәсі куәлардың түсінігімен, аудио және бейне хабарламалармен, сараптама қорытындыларымен және істің басқа да материалдарымен дәлелденді», - делінген ресми ақпаратта.

Осы орайда елорда сотынан заң талаптарын басшылыққа алу міндетті екені хабарланды.

«ҚР Қылмыстық Кодексінің 120-бабы 1-бөлімінің санкциясы 5 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді және ауыр қылмыс санатына жатады. Осы бап бойынша М.-ге 5 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қылмыстық Кодекстің 128-бабы 2-бөлімі 4-тармағының санкциясы мүлкін тәркілей отырып 7 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді және бұл да ауыр қылмыс ретінде саналады. Аталған бап бойынша М.-ге 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - деген шешім шығарды елорда соты.

Заңға сәйкес жазаның максималды мерзімін ауыр қылмыстар бойынша 2/3, аса ауыр қылмыстар бойынша ¾ асыруға жатпайды.

«Осыған байланысты сот қылмыстық заңның талаптары шеңберінде сотталушыға максималды жазаны тағайындады. М 15 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды. Іс бойынша жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталмады. Жеңілдететін мән-жай ретінде М.-ның асырауында жас балаларының бар болуы ескерілді», - деп толықтырды ведомстводан.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, өткен жылдың 5 мамырында Грузияда 26 жастағы Әсел Айтбаеваның денесі табылған болатын. Өлім алдында ол досына аудио хабарлама жіберіп үлгерген. Аудиода ер адамның оны зорлықпен қорқытып жатқаны жазылған.

Грузия прокуратурасы бойжеткеннің зорланғанын мәлімдеді. Күдікті – 56 жастағы Бесик Тордуа келесі күні ұсталды. Ол зорлау және өзін-өзі өлтіруге итермелегені үшін 8 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін еді. Алайда Тордуа кейін түрме ауруханасында қайтыс болды.

Грузияның бас прокуратурасы тағы бір күдіктіге – Әселдің туысы Мұрат Мейірбековке де айып таққан. Оны Нұр-Сұлтан полициясы биыл 16 мамырда ұстаған еді. Мейірбеков қызды жұмысқа тұрғызу сылтауымен оны Грузияда эксплуатациялау айыбына іліккен.