20 мам, 2021 сағат 11:06

GGG нөмірлі көлікті жүргізген елордалық ұсталды


Елордада «Қауіпсіз жол» республикалық жедел алдын алу шарасының аясында екі күн ішінде 500-ге жуық жол ережесін бұзу фактісі анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Аталған заңсыздыққа жол берген көлік жүргізушілердің ішінде темір тұлпарына GGG әріпті нөмір жапсырып алған Mercedes-Benz иесі де бар. 

«Полиция қызметкерлері түн ортасында аталмыш көлікті тоқтатып, құжаттарын тексеру кезінде автомобильдегі тіркеу белгілері есептен шығарылғаны анықталды. Ал GGG әріпті нөмірді ол басқа адамнан сатып алғаны белгілі болды. 

26 жастағы жүргізушінің үсітнен стандарттық талаптарына сәйкес келмейтін нөмірлік белгілері бар автокөлік жүргізгені үшін Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 590-бабы 4-бөлігі бойынша әкімшілік өндіріс қозғалды. Материал процессуалдық шешім қабылдау үшін Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жіберілді. Автокөлік коммуналдық тұраққа қойылды», - деп жазады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі. 

Елордада «Қауіпсіз жол» республикалық жедел алдын алу шарасы әлі өтіп жатыр. Екі күн ішінде полиция қызметкерлері 500-ге жуық жол ережесін бұзу оқиғасын тіркеген. Оның ішінде 79 жаяу жүргінші бар. Екі күнде 3 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 3 адам зардап шеккен. Ереже бұзғаны үшін 8 нөмірлік белгі алынып, 7 автокөлік коммуналдық тұраққа қойылды.