07 шіл, 2019 сағат 14:29

Германияда ІІ Дүниежүзілік соғыстан қалған бомба табылып, 16 мың адам эвакуацияланды

Германияда Екінші дүниежүзілік соғыстан қалған бомба табылып, 16 мың адам эвакуацияланды, деп xабарлайды Frankfurter Rundschau басылымы.

Германияның Майндағы Франкфурт қаласында ІІ Дүниежүзілік соғыстан қалған бомба табылып, 16 мың тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді.

Салмағы 500 кг снаряд Еуропа орталық банкі ғимаратының алдындағы құрылыс жұмыстары кезінде табылған.

inFranken.de басылымының жазуынша, снаряд Америкада жасалған. Бомбаны залалсыздандырмас бұрын 1 км радиустағы кеңселер мен тұрғын үйлерден адамдарды түгел эвакуациялауға шешім қабылданған. Аталған шеңберде банк ғимараты, теміржол вокзалы, қаладағы электр пойыздардың аялдамалары, полиция учаскесі, қарттар үйі, зоопарк, тұрғын үйлер - ұзын-ырғасы 1000-нан астам ғимарат бар.

Билік өкілдері үйме-үй кіріп тексеріп жүр. Жалпы 16,5 мыңнан астам эвакуацияланады.

Мамандардың айтуынша, бомбаны залалсыздандыруға 4 сағаттай уақыт кетеді.