25 қаң, 2022 сағат 09:38

Германия университетінде студент қарудан оқ жаудыра бастаған


Германия канцлері Олаф Шольц Гейдельберг университетінде болған қарулы шабуылға байланысты көңіл айтты. Білім ордасы Германияның оңтүстік-батысындағы Баден-Вюртемберг федералды жерінде орналасқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат euronews.com сайтына сілтеме жасап.

Салдарынан студент қыз қаза тауып, үш адам ауыр жарақат алды. Қаскүнем дәріс залында студенттерге оқ жаудырып, артынша өз-өзіне қол салған.

Оқу орнына жақын аумақ қоршауға алынды. Алдын ала деректер бойынша, оқ ашқан адам студент болған. Ол өзімен бірге ұзын ұңғылы бірнеше атыс қаруын алып келген. Оқиға орнында құқық қорғау органдарының қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.

Полицияның хабарлауынша, қылмыскер жалғыз әрекет еткен. Мамандар әзірге бұл істен саяси немесе діни негіз көріп тұрған жоқ.