27 ақп, 2023 сағат 18:04

Гастроэнтеролог Юрий Шумковты өлтірген ер адам апелляциялық шағым түсірді

Фото: 365info.kz

Алматылық гастроэнтеролог Юрий Шумковты өлтіргені үшін сотталған ер адам апелляциялық шағым түсірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.

Бұл туралы Шумковтар отбасының досы Мұратжан Сақтағанов хабарлады.

"Апелляция 1 наурызда болады. Сотталушы қылмыстың мән-жайы туралы сотты жаңылыстыруға тырысып, шағым түсірді. Бірақ видеоға басынан аяғына дейін түсіп қалған қылмысты қалай жоққа шығаруға болады? Сотталушы тарап әлеуметтік желілерді пайдаланып, оны жәбірленушіге айналдырмақ. Белгілі дәрігерді қатыгездікпен өлтіріп, енді мерзімін қысқартуды сұрайды. Дегенмен, тергеу барысында жүргізілген медициналық тексерулер қылмыскердің ақыл-есі дұрыс, кісі өлтіруге мұқият дайындалғанын анық көрсетіп отыр", - деді ол.

Сондай-ақ, марқұм дәрігер Шумковтың отбасы соттың үкімімен келіспейтіні белгілі болды.

Еске салайық, Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімі бойынша 36 жастағы Нұржан Тұрсынбаев барлық бап бойынша кінәлі деп танылып, 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуге сотталды.