Қазақ әдебиетінің классигі, жазушы Ғабиден Мұстафиннің қызы, белгілі аудармашы Майя Мұстафина 80 жасында бақиға аттанды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ол 25 мамырда кешке коронавирустан қайтыс болған. Майя Ғабиденқызы екінші мамырда 80 жасқа толған еді.
"Ол өте көп жұмыс істегеніне қарамастан, керемет ана болды. Не істесе де, әрқашан отбасына жеткілікті уақыт бөлетін. Жануарларды қатты жақсы көретін еді. Белсенді өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданды, өте көпшіл адам болатын", - деді Майя Мұстафинаның қызы Тоғжан Сейфуллина.
Мустафина Майя 1941 жылы 2 мамырда жазушы Ғабиден Мустафин мен Зейне Мустафинаның отбасында дүниеге келген. Мәжит Сейфуллиннің ұлы - Амангелдінің жары.
30 жыл бойы Алматы қаласындағы қазіргі ҚазХҚ және ӘТУ шет тілдер кафедрасында сабақ берген.
80-жылдардың соңынан ҚазКСР мұражайында (қазіргі Орталық мемлекеттік музей) жұмыс істеді. 90-жылдардың басынан ортасына дейін БУИГ француз фирмасында аудармашы болып жұмыс істеген.
"Ол республикадағы француз тілі саласындағы үздік мамандардың бірі болды. Оның көп оқушысы жоғары лауазымдарға ие. Олар: дипломаттар, педагогтер және саясаткерлер", - деді ол.