ҚР Қоғамдық даму министрлігі оқу-білімге құлықсыз әрі нақты ұстанымы жоқ жастардың бірнеше тобын анықтады. Олардың ішінде фрилансерлер де бар, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Министр Дарxан Кәлетаевтың айтуынша, бірінші топқа әлеуметтік қолдау жүйесімен қамтылмағандар және ата-анасының қамқорлығында отырғандар кіреді.
«Саяси жағынан бұл жастар мемлекетке ниеттес, алайда жергілікті деңгейде сыни көзқараста болуы мүмкін. Жас өлшемі бойынша кіші топ - 18-22 жастың аралығы, орта топ - 22-24 жас аралығы, ересектер тобы - 25-29 жас аралығы. Жалпы, жұмыспен, оқумен қамтылған жастардың жеті тобын атауға болады. Бірінші тобы - асырауда отырғандар. Олардың білімі мен тәжірибесі бар. Бірақ оқу мен жұмысты жалғастыруға ынтасы жоқ. Екінші топ - жас әйелдер, жас балалары бар, жалғызбасты аналар, соның ішінде ерте ана болғандар. Үшінші топ - фрилансерлер, еркін ақша табуды, жүйесіз жұмыс пен көлеңкелі секторды артық санайтын кездейсоқ табыспен күн көретіндер. Төртінші топ - ауыл жастары. Олар - біліктілігі мен тәжірибесі жоқ, қосалқы шаруашылыққа тартылғандар. Бесінші топ - мүмкіндігі шектеулі жандар. Алтыншы топ - әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққандар. Оларда оқуды жалғастыруға ниет бар. Бірақ мүмкіндігі жоқ. Ал жетінші тобы - түрмеден шыққандар, есірткі мен ішімдікке тәуелді жастар», - деді Д.Кәлетаев Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Айта кетейік, бүгін ҚР Қоғамдық даму министрі Дарxан Кәлетаев жұмыссыз жастар мәселесін көтерді. Оның айтуынша, мемлекеттік басқару саласында оқу-білімге құлықсыз, саяси және азаматтық белсенділігі төмен, жауапкершікті өз мойнына алуға ниетсіз жастарға қатысты нақты бір термин бар.
«Қазақ тілінде бұл термин ағылшын нұсқасын қайталап отыр. Алайда қазақ пайымына салатын болсақ, бұл топты «ниетсіз» деп бір сөзбен атауға болатын шығар. Ондай мінез-құлық, көп жағдайда, жастардың қоғамнан қашуына әкеліп соқтырады. Олар әлеуметтік ортада өздерін керексіз ден санайды. Суицид пен девиация сияқты проблемалардың барлығы осылан туындайды. Отбасы құндылықтары бұзылады», - деп атап көрсетті Д.Кәлетаев.