29 сәу, 2022 сағат 13:53

Еуропалық комиссия Шенген визасын алу рәсімін өзгертуді ұсынды

Фото ©Pixabay

Еуропалық комиссия ЕО елдеріне Шенген визасын алу рәсімін цифрландыруды және визалық платформа арқылы онлайн өтініш беру мүмкіндігін енгізуді ұсынды, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі SchengenVisaInfo-ға сілтеме жасап.

Көші-қон және баспана туралы жаңа пактіде 2025 жылға қарай визалық процедураларды толығымен цифрландыру мақсаты қойылды. Бұл ЕО-ға мүше мемлекеттер мен өтініш берушілерге шығындар мен жүктемені азайту есебінен процесті жақсартады, өңірдегі қауіпсіздікті арттырады деп болжанып отыр.

Еуропалық комиссияның мәліметінше, цифрландыру алаяқтыққа, жалғандыққа және ұрлыққа ұшырауы мүмкін жеке виза жапсырмаларымен байланысты тәуекелдерді азайтуы керек.

Осылайша, виза алу процесі мынадай болуы мүмкін: тілек білдірушілер онлайн режимде өтініш береді және виза ақысын ЕО-ның бір платформасы арқылы төлейді. Өтініш алынғаннан кейін, платформа ЕО-ның қай мемлекеті оны қарау үшін жауап беретінін автомат түрде анықтайды. Сонымен қатар, платформа өтініш берушілерге қысқа мерзімді Шенген визалары және талаптар мен процедуралар туралы ақпарат береді.

Бұл барлық процес онлайн форматқа көшкеннен кейін өтініш берушілердің консулдықтарға баруға міндетті еместігін білдіреді. Консулдыққа бару тек биометриялық сәйкестендіргіштерді жинауға алғаш жүгінгендер үшін, биометриялық деректері жарамсыз адамдар үшін, сондай-ақ жаңа жол жүру құжаты бар адамдар үшін міндетті болады.

Шенген визаларын беру процесін цифрландыру туралы ұсынысты енді кеңес пен Парламент талқылайды. Содан кейін ЕО-ға мүше мемлекеттер инновацияны енгізуі бес жыл уақыт алады.