Еуропалық Комиссия Украинадан келген босқындарды өз аумағында қабылдау үшін Еуроодаққа мүше мемлекеттерге 3,5 миллиард еуродан астам аванс төледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Біріктіру саясаты және реформалар жөніндегі еурокомиссар Элиза Феррейра: «Еуропалық Одақ Украинамен, сондай-ақ біздің мүше-мемлекеттермен босқындарды қабылдау үшін ынтымақтасады. Бүгін біз ынтымақтастығымыздың тағы бір нақты нәтижесін көріп отырмыз. Ол – бірігу қорын ең қажет бағытқа жұмылдыру», – деп мәлімдеді.
Еуропалық Одақтың жұмыспен қамту және әлеуметтік құқықтар жөніндегі комиссары Николас Шмит: «Украинадан қашқан адамдар қауіпсіз өмірін қалпына келтіру үшін дереу қолдауды қажет етеді. Осы аванс арқылы одаққа мүше мемлекеттер мұқтаж жандарға азық-түлік, баспана, денсаулық сақтау, білім салаларында, жұмысқа тұруда көмек және тағы басқаларын ұсына алады», – деді.
Еурокомиссияның баспасөз қызметі 2022 жылдың 24 ақпанынан кейін Еурокомиссия Украинадан шыққан бейбіт тұрғындарды қолдауға және ЕО-ға мүше мемлекеттерге оларды қабылдауға және көмек көрсетуге бүкіл күш-жігерін жұмылдырғанын хабарлады.
Атап айтқанда, Еурокомиссия 2014-2020 жылдарға арналған бағдарламалар шеңберінде біріктіру саясатынан қолда бар ресурстарды икемді жұмылдыру, сондай-ақ 100% қоса қаржыландыру және «REACT-EU» бағдарламасы шеңберінде қаржыландыруды 3,5 млрд еуроға ұлғайту мүмкіндігін енгізді.
Еурокомиссия жарнасы ЕО-ға мүше мемлекеттердің мемлекеттік бюджетіне түсетін қосымша жүктемені жеңілдетеді.