ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елді жаңғырту ісіне ассамблеяның ғылыми-сарапшылық әлеуетін толығымен жұмылдыру қажеттігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Халықтың бірлігін нығайтумен кешенді түрде айналысып, еліміздегі ахуалды тұрақсыздандыру талпыныстарын дер кезінде бейтараптандыру қажет.
Бұл саладағы қателіктер өте қымбатқа түсетінін, бұған дейінгі жетістіктеріміздің бәрін жоққа теңеуі мүмкін екенін түсіну маңызды», - деді Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында.
Мемлекет басшысы ассамблеяның ғылыми-сарапшылық әлеуетіне де тоқталды.
«Елімізді жаңғырту ісіне ассамблеяның ғылыми-сарапшылық әлеуетін толығымен жұмылдырған жөн. Этносаралық саладағы бүкіл проблемалық мәселелер мен өзекті тенденциялар жария түрде терең зерттеліп, талқылануы керек. Біз бірлігімізге ненің қауіп төндіріп тұрғанын айқын түсініп, ашық айтуға міндеттіміз. Оның өзінде этносаралық салаға тек ассамблеяның қызметі ғана кірмейтінін, әлеуметтік блокқа жататын министрліктердің, әкімдіктердің, жалпы Үкіметтің қызметі де кіретінін айқын айтуымыз керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.