Солтүстік Қазақстан облысында есірткі тұтынып, заңсыз жолаушы тасымалымен айналысқан көлік жүргізушісі 15 тәулікке қамауға алынуы мүмкін, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, аудан орталығы Тайыншада патрульдік полиция қызметкерлері қолында рұқсат құжаттары болмаса да жолаушы тасымалдап жүрген Фольксваген гольф автомобилінің жүргізушісін тоқтатқан. 32 жастағы жергілікті тұрғын медициналық куәландырудан өтті. Нәтижесінде оның есірткі тұтынғаны анықталды. Материал сотқа жіберіледі, құқық бұзушы 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынуы және алдағы 7 жылда көлік құралын басқаруға тыйым салынуы мүмкін.
СҚО-да 20-22 қаңтар күндері полицейлер «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Оның мақсаты - жолаушылар тасымалы қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Тәртіп сақшылары автобус және такси жүргізушілерін назарға алды.
«Үш күн ішінде олардың тарапынан 241 заң бұзушылық тіркелді. 21 қаңтарда Петропавлда екі автобус жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олар Назарбаев және Чкалов көшелерінде белгіленген жерден жолдан өтпек болған жаяу жүргіншілерге жол бермеген. Жаяу жүргіншілер өткеліне жақындағанда, шешім қабылдауға уақыт қалдыру үшін жылдамдықты бәсеңдету керектігін еске саламыз», - дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.
Сондай-ақ, полицейлер маневр жасау ережелерін бұзудың 44 фактісін ашты. Көлік жүргізу кезінде телефонмен сөйлескен 46 жүргізуші анықталып, 16-сы жоспарлы тексеруден өте алмады, 9-ы жылдамдықты асырған. Автобус паркінің үш лауазымды тұлғасы бағдарға техникалық ақауы бар көліктерді шығарғаны үшін жауапқа тартылды.