Жыл басынан бері есірткіні насихаттау немесе жарнамалаудың 48 фактісі анықталды. Бұл туралы ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Берікхан Нұрғалиев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Жыл басынан бері Интернет арқылы есірткі сату фактісі бойынша 18 қылмыстық іс тіркеліп, екеуі сотқа жіберілді. Мәселен, Маңғыстау облысында синтетикалық есірткіні таратқаны және жарнамалағаны үшін 19 және 22 жастағы екі жігіт ұсталды. Олар граффити таңбалап, белгілер қалдырып отырған. Күдіктінің кішісі жарнамалық граффити таңбалап, 9 белгі қалдырған. Ал екінші күдікті ұсталған кезде жасырын жерлерге 40 ірі және бір реттік дозаны қойып үлгерген», - деді ол ІІМ баспасөз қызметі алаңында өткен брифинг барысында.
Оның атап дерегінше, синтетикалық заттарды жасырын жерлерге қойып жүрген екі адам ұсталды.
«Өткен жылдан бастап есірткіні насихаттағаны немесе заңсыз жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. 6 жылға дейін бас бостандықтан айыру жазасы қарастырылған. Жыл басынан бері мұндай 48 қылмыс тіркелді. Айталық, Алматыда 29 жастағы жігіт ұсталып, оның заттарын тінту барысында есірткі тарататын сайттарға сілтеме жазылған жапсырмалар тәркіленді», - деді Берікхан Нұрғалиев.