25 мам, 2020 сағат 12:16

Тұрғымбаев блокпоста көз жұмған полицейлер туралы айтты

ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қызметтік борышын өтеу барысында қаза тапқан полиция аға лейтенанты Жарас Жанғазиев пен полиция сержаны Дастан Әбдіқановтың отбасына көңіл айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қайғылы жағдайда қаза тапқан полицейлер төтенше жағдайдың ерекше режимінде 2 айдан астам уақыт жұмыс істеді. Олар күнделікті қызметтерінде карантиндік шараларды қамтамасыз етіп, қоғамдық тәртіпті қорғады. Аға лейтенант Жарас Жанғазиев Алматы қаласының патурльдік полиция полкінің инспекторы болып жұмыс істеді. 19 жыл бойы қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып, мінсіз қызметі үшін бірнеше мәрте ынталандырылды, оның ішінде ведомстволық наградалар алды. Көптеген жас полицейлер үшін тәлімгер әрі үлгі бола білді. Жарас Жанғазиев өз ісінің кәсіби маманы ғана емес, сонымен бірге жақсы әке еді. Оның артында екі қызмен үшінші сәбилерін күткен жары қалды», - деді Ерлан Тұрғымбаев ведомствоның Telegram каналында

Министрдің атап өтуінше, полиция сержанты Дастан Әбдіқанов 4 жылдық қызмет жолында өзін жауапкершілігі мол, ұстанымы берік әрі тыңғылықты орындаушы қызметкер ретінде көрсете білді. Өткен жылы ғана шаңырақ көтерді және бір ай бұрын ғана қызы дүниеге келген болатын. 

«Өкінішке орай, қайғылы оқиға олардың өмірін қип кетті. Екі қызметкер де үздіктердің қатарында еді және Отанымызға әлі де көп еңбек сіңіре алатын. Ішкі істер министрлігінің барлық жеке құрамы олардың туған-туыстарымен бірге аза тұтады. Барлығымыз үшін бұл орны толмас қаза болып отыр», - деді ол.

Еске салсақ, Алматы облысы аумағындағы блокпоста болған көлік апатынан екі полицей көз жұмғанын, олардың артында жары мен балалары қалғанын хабарлаған едік.