Бүгін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин Еуропа Одағына мүше мемлекеттердің елімізде аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктерінің басшыларымен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Мемлекеттік хатшы дипломаттарға Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформаларының мән-маңызы туралы айтып, Президенттің жақында Қазақстан халқына арнаған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауының негізгі қағидаларына тоқталды.
Еліміздің суперпрезиденттік жүйеден мықты Парламенті бар президенттік республикаға көшу тетіктеріне, соның ішінде, Мәжілісті қалыптастырудың пропорционалды-мажоритарлық жүйесіне, палаталардың өкілеттіктерін кеңейту, саяси партияларды тіркеу тәртібін ырықтандыру, жергілікті өзін-өзі басқару институттарын жетілдіру, мемлекеттің әкімшілік-аумақтық құрылымын реформалау, заң үстемдігі қағидаттарын нығайту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.