Ереванда сауда орталығында жарылыс болып, 50 адам жараланды. Бір адам қаза болды. Құтқару жұмыстары жалғасып жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Зардап шеккендердің арасында балалар да бар. Олар медициналық көмекке зәру.
Сауда орталығында болған жойқын жарылыстан кейін өрт шықты. Қызыл жалын пиротехника сақталған қойманы да шарпыды. Бірнеше жарылыстардан кейін сауда ғиамараты опырылып түсті", - делінген хабарламада.
Елдегі Төтенше жағдайлар министрлігі басшысының айтуынша, үйінділер астында адамдар бар. Қызыл жалынды ауыздықтау үшін екі жүзден астам құтқарушы мен өрт сөндіруші жұмылдырылды.
Армения Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жараланғандар "Армения", "Эребуни", "№ 1 университет ауруханасы", "Сурб Аствацамайр", "Шенгавит" және "Измирлян" медициналық орталықтарына жатқызылған.