ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев Қазақстан қаржыгерлерінің IX конгресінде қаржы секторындағы үш жаһандық сын-қатер туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүкіл әлемдік экономика сияқты Қазақстан экономикасы да соңғы 2 жылда коронавирус пандемиясына байланысты ғасыр дағдарысын бастан өткеріп отыр. Мұндай жағдайда қаржы секторы үш жаһандық сын-қатерге қарсы келіп тұр. Бірінші сын-қатер – инфляцияның жаппай өсуі және әлемдік тауар нарықтарындағы сұраныс пен ұсыныстың теңгерімсіздігі және тауар жеткізу ісінің тоқтап қалуынан инфляциялық қысымның көтерілуі», - деді Ерболат Досаев.
Оның айтуынша, әлемдік экономика қарқынды түрде қалпына келіп жатыр және вакциналау арқасында биылғы 3-тоқсанда пандемияға дейінгі деңгейге қайта оралды. Әлемдік нақты ЖІӨ 2021 жылы 40 жылдан астам уақыт ішінде ең жылдам өседі және Халықаралық валюта қорының болжамдары бойынша 5,9%-ті құрайды деп күтілуде.
«Әлемдік экономика қалпына келтірілген соң шектеулі ұсыныс кезіндегі сұраныстың тез өсуі көптеген жылдар бойы шикізаттың, көлік шығыстарының рекордтық өсуіне және соның нәтижесінде әлемдегі инфляциялық қысымның жоғарылауына алып келеді. Жаңа перспективалар мен кең мүмкіндіктер ашатын екінші сын-қатер – пандемия әсерінен бүкіл әлемдік экономиканы жедел цифрландыру. Трансформациялық процестер ұтқырлық, ыңғайлылық және қауіпсіздік талаптарына жауап беретін қаржылық қызметтерді ұсынудың жаңа форматтарын бірінші орынға шығарды», - деді Ұлттық банк төрағасы.
Ал күн тәртібінде тұрған үшінші сын-қатер – климаттық өзгерістерге қарсы күрес. Мемлекет басшысының өзі бұл мәселеге көп көңіл бөледі. Ол жасыл экономикаға белсенді түрде көшудің және қаржы секторы үшін орнықты даму қағидаттарын енгізудің маңыздылығын атап өткен.
«Болашақта бізді климаттық жағдайларға тікелей әсер етуден бөлек жауапты инвестициялау қағидаттары ескерілген қаржылық ландшафттың өзгеруі күтіп тұр. Жаһандық сын-қатерлер мен қазіргі процестерді ескере отырып, Ұлттық Банк биылғы наурызда ақша-кредит саясатының 2030 жылға дейінгі стратегиясын бекітті, ол ақша-кредит саясатын жүргізудің институционалдық және операциялық негізін күшейту, қаржы секторын монетарлық саясаттың тиімді делдалы ретінде дамыту және макроэкономикалық саясаттың контрциклдылығын арттыра отырып, экономиканы одан әрі әртараптандыру сияқты үш негізгі бағыттан тұрады», - деді Досаев.