26 мам, 2021 сағат 12:31

Еңбек жарақатынан мүгедек болған адамдарды мемлекет есебінен оңалту тәртібі реттеледі


Оңалтудың техникалық құралдарымен және қызметтерімен уақтылы қамтамасыз ету тәртібі реттеледі.

Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша заң жобасын талқылау кезінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрдің айтуынша, жұмыс берушінің өз міндеттемелерін орындау мүмкін болмаған жағдайда, еңбек жарақатынан мүгедек болған адамдарды мемлекет есебінен оңалтудың техникалық құралдармен (ОТҚ) және қызметтерімен қамтамасыз ету заң жобасының тағы бір жаңашылдығы болып отыр. 

«Қазіргі уақытта жұмыс беруші, яғни жеке кәсіпкердің қызметі тоқтатылған немесе заңды тұлға таратылған жағдайда бұл міндеттемелер мемлекетке өтеді. Бұл ретте кәсіпорын қызметі тоқтап тұрған кезеңде немесе банкроттық рәсімдерін жүргізу кезінде мүмкіндігі шектеулі жандар оңалтудың техникалық құралдарын алу мүмкіндігінен айырылған. Көбінесе банкрот жұмыстары 1,5 жылға дейін созылуы мүмкін. Аталған мерзімде өндірісте мүгедектік алған адам оңалтудың техникалық құралдарынсыз қалады. Бұл шара 2 мыңға жуық адамды оңалтудың техникалық құралдарымен және қызметтерімен уақтылы қамтуға мүмкіндік береді», - деді С. Шәпкенов.