ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов шетелдік жұмыс күшін тарту рәсімі мен заңсыз көші-қонның жолын кесуге қатысты заңа жобасындағы ұсыныстарды айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
«Сыртқы еңбек көші-қон саласына қатысты өзгерістерге тоқталсақ, біріншіден, шетелдік жұмыс күшін тарту рәсімін жетілдіру мақсатында шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттың әрекетін басқа әкімшілік аумақтық бірліктерге тарату көзделеді. Бұл жерде ол екі аймаққа алған рұқсаттама үшін сол екі аумаққа да салық алымын төлеуге міндетті болады. Екіншіден, шетелдік жұмыс тартуға квотаны экономикалық қызмет түрлеріне бөлмей, қызметкерлер санаты категориялар бөлінісінде бегілеу ұсынылады. Сонымен қатар, еңбек нарығындағы қажеттілігіне жедел ден қою үшін Үкіметтің шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны белгілеу жөніндегі функцияларын халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға, яғни Еңбек министрлігіне беру ұсынылады», - деді министр.
Бұдан бөлек, Б. Нұрымбетов көші-қон процестері саласындағы құқықтық базаны кеңейту және заңсыз көші-қонның жолын кесу мақсатындағы қадамдарға тоқталды.
Осы орайда, ұлттық заңнамада реадмиссияға арналған құқықтық негіздердің жоқтығынан, ұлттық заңнамаға реадмиссия жөніндегі халықаралық ережелерді енгізу ұсынылған. Сондай-ақ атқарушылық іс жүргізу бойынша берешегі бар адамдардың кетуіне шектеулер көзделген толықтырулар енгізу, шетелдіктер үшін тұрақты тұруға рұқсат беру үшін 4 АЕК мөлшерінде мемлекеттік бажды енгізу ескерілген.
Бұдан бұрын хабарланғандай, заң жобасында Қазақстанға келген этникалық репатрианттар мен қоныс аударушылар үшін қолайлы жағдайлар жасау ескерілген.