10 қаз, 2019 сағат 12:34

«Еңбек» бағдарламасына өзгерістер енгізу керек - сенатор

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер енгізу керек. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында депутат Ерік Сұлтанов мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Солтүстік Қазақстан облысы – 635 ауылдық елді мекенде тұратын ауыл халқының үлесі 54 пайызды құрайтын аймақ. Ауылдық елді мекендердің жалпы санындағы 97 ауылдың халқы 50 адамнан кем, олар «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңға сәйкес, таратылуға жатады және дербес әкімшілік-аумақтық бірлік мәртебесінен айырылады. Соңғы үш жылдың ішінде 33 елді мекенде тарату шаралары жүргізілді. Қазіргі уақытта заңнама тек аумақтық бірліктердің ең жақын ауылын тарату және оған қосылу схемасын реттейді. Бұл ретте жоғары әрі орта даму әлеуеті бар ауылдарда көшіп келушілердің баспана сатып алуы үшін бюджеттен қаражат бөлу қарастырылмаған», - деп тоқталды сенатор ҚР Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына жолдаған депутаттық сауалында.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасында республикалық бюджеттен берілетін трансферттер арқылы өңіраралық қоныс аударуды мемлекеттік қолдау шаралары, оның ішінде тұрғын үймен қамтамасыз ету шаралары қарастырылған.

«Ауылдық жерлерді тиімді дамыту және экономикалық тұрғыдан келешегі бар ауылдарда ресурстарды шоғырландыруға мүмкіндік беретін оңтайлы ауылдық елді мекендер схемаларын қалыптастыру үшін қолданыстағы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесін қарастыруды сұраймыз. Атап айтқанда, таратылған ауылдардың тұрғындары үшін жыл сайын тұрғын үй салуға немесе сатып алуға қаражат бөле отырып, оларға мемлекеттік қолдау көрсетуді қамтамасыз ету. Бұл мәселені қолдау келешегі жоқ ауылдардың күрделі мәселелерін шешеді және қоныстанған азаматтардың осы шараларға деген қажеттілікті қабылдауына оң әсер етеді», - деді Е. Сұлтанов.