30 қар, 2020 сағат 11:16

Елорданың 4 ауданына қосымша қомақты қаржы бөлінеді

Елорда 2023 жылға дейін нақтыланған бюджетінде қаланың 4 ауданына қомақты қаражат бөлу қарастырылған. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматы» ауданы әкімінің аппаратынына - 1 млрд 130 млн, «Байқоңыр» ауданы әкімінің аппаратына - 181 млн, «Есіл ауданы» әкімінің аппаратына 2 млрд 79 млн және «Сарыарқа» ауданы әкімінің аппаратына 1 млрд 363 млн теңге қаражат қосымша көзделіп отыр», - деді ол Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының кезектен тыс 76-шы сессиясында. 

Оның атап өтуінше, бөлінгелі отырған аталған қосымша қаражат қаланы абаттандыру жұмыстарын аяқтауға, сонымен қатар аудандарды санитарлық тазарту жұмыстарын жұмсалады. 

Бұған дейін ол елорданың 2023 жылға дейінгі нақтылаған бюджетін мәслихат депутаттарының назарына ұсынғанын хабарлаған едік.

«Жергілікті бюджетті бұл жолғы нақтылау Мемлекет басшысының биылғы 1 қыркүйектегі Жолдауынан туындаған мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыру мақсатында жүргізіліп отыр. Жүргізілген сараптама меншікті кірістердің іс жүзіндегі түсімінде жоспарларды 22,2 млрд теңгеге арттырып, 327 226 млн теңгеге жеткізуге мүмкіндік бар екендігін анықтады. Оның ішінде салықтық түсімдерді 18,5 млрд теңгеге ұлғайтып, 301 376 млн теңгеге арттыру жоспарланып отыр», - деген еді ол.