Елорда дәмханаларының бірінде түнгі уақытта даяшы болып жұмыс істеп жүрген жасөспірім анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Полиция қызметкерлері сағат 23.00-ден кейін «Палау орталығы« дәмханасын тексеру барысында түнгі уақытта жұмыс істеп жүрген кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімді анықтады. Дәмхана әкімшісінен және жасөспірімнің өзінен сұрау барысында оның бір айдан бері жұмыс істеп жүргендігі анықталды. Жасөспірім үйден тысқары жерде заңды өкілдерінсіз жүргені үшін ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деп атап өтеді Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінен.
Сонымен қатар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 132-бабына сәйкес, дәмхана иесі түнгі уақытта көңіл көтеру орнына кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімді жібергені үшін 15 АЕК көлемінде әкімшілік жауапқа тартылды. Бұған қоса, жасөспірім уақыт нормасынан артық жұмыс істеп жүрген.
Жалпы, рейд барысында полицейлер базарларда азық-түлік тауарларын сатумен айналысқан және карантин жағдайында сағат 08.00-ден 16.00-ге дейінгі аралықта қоғамдық орында болған 10-нан астам кәмелетке толмаған жасөспірімді анықтады. Полиция қызметкерлері барлық факті бойынша балалардың аты-жөнін анықтап, ата-аналарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізген.