25 там, 2021 сағат 16:55

Елордалық полицейлер қалаға есірткі жеткізу жолын кесті


Елордалық полицейлер қалаға есірткі жеткізу жолын кесті. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Нұр-Сұлтан қаласының полиция қызметкерлері елорда аумағына есірткі жеткізумен және сатумен айналысқан күдіктіні ұстауға бағытталған арнаулы операция өткізді. Атап айтқанда, есірткі жеткізу және сату арнасының жолын кесуге бағытталған жедел іздестіру іс-шарасы кезінде 32 жастағы азамат ұсталды. Оны тінту барысында салмағы шамамен 5 грамм болатын «гашиш» тәркіленді», - делінген Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті таратқан ақпаратта. 

Ведомство мәліметінше, күдіктінің Ақмола облысына қарасты Жалтыркөл ауылындағы баспанасын тінту барысында қорада үйілген шөптің арасынан салмағы 19 келіден асатын «марихуана» табылған. Ұсталған азамат есірткіні елордадв сатпақ болған. Арнаулы операция барысында тәркіленген есірткінің жалпы салмағы19,3 келіні құрайды.

«Қылмыстық істі тергеу аясында елорда аумағына өсірткі жеткізуге және сатуға қатысы бар өзге де адамдарды анықтауға бағытталған жедел іздестіру іс-шарасы жүргізіліп жатыр. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізілуде», - деп атап өтеді департаменттен. 

«Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілген екі күннің ішінде қала аумағында 52 қылмыс тіркеліп, оның 36-сы тәулік ішінде ашылды. Сонымен қатар ертеректе жасалған 29 қылмыс әшкереленіп, іздеуде болған 8 қылмыскер ұсталды. Ішкі істер органында есепте тұрған 1 118 адам тексеруден өтті. 2 101 әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліп, түнгі уақытта көңіл көтеру орнында жүрген 89 кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды. Көлікті мас күйде жүргізген 8 жүргізуші қолға түсті. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер тарапынан да ереже бұзушылықтың 283 фактісі анықталды.