15 қаз, 2020 сағат 14:13

Елордалық әйел 2 баласын бұрынғы күйеуінен қайтара алмай жүр

Елорданың сот орындаушылары екі баланы әкесінен анасына тапсыруға қатысты істе күрделі жағдайға тап болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Белгілі болғандай, бір жылдан астам уақыт бойы әйел адам бұрынғы күйеуінен 10 және 11 жастағы екі баласын қайтаруға қауқарсыз екен. Аталған әйел балаларын өзі тәрбиелегісі келеді, алайда бұрынғы күйеуі балаларын аналарына беруден жалтаруда. 

«Соңғы үш жыл бойы балалар әкесімен бірге тұрған. Алайда соттың соңғы шешімі бойынша жеткіншектердің тұрғылықты жері өзгертіліп, енді олар анасымен бірге тұруы керек болатын. Балалардың әкесі бұл шешіммен келіспей, бір пәтерден екіншісіне көшу арқылы сот орындаушыларынан барынша жасырынып жүрді. Қазіргі кезде ер адам іздеуде емес, өйткені психологтың бағалауы арқылы олардың барлығымен келіссөз жүргізілуде. Психологтың пайымынша, балаларға үнемі қысым жасалып келеді», - деді Нұр-Сұлтан қаласы өңірлік жеке сот орындаушыларының палатасы жетекшісінің орынбасары Мәдина Жанасаева.

Бүгін сот орындаушылары кезекті рет балаларды анасына тапсыруға талпынып көрді, алайда бұл әрекеттері сәтсіз болды.