12 жел, 2020 сағат 10:32

Елордадағы кәсіпорыннан ірі ақша жымқырған қызметкер ұсталды

Елорда полицейлері қаладағы кәсіпорындардың бірінде қызмет етіп, ірі көлемде ақшасын жымқырды деген күдікпен ер адамды ұстады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Полицияға 1 млн 200 мың теңге көлемінде ақшаны жұмсап қою фактісімен елордадағы кәсіпорын басшысы шағымданған. 

Тергеу барысында полицейлер кәсіпорын қызметкерінің өзіне шикізатты сатып алу үшін сеніп тапсырылған қаражатты алған соң оны жұмсап қойып, одан кейін жұмыс берушімен байланысқа шықпай қойғаны анықталды. 

Жедел-іздеу шараларын жүргізу кезінде күдікті азамат анықталып, ұсталды. Бұрын тонау қылмысы үшін жауапқа тартылған елорданың 36 жастағы тұрғыны кінәсін мойындады. 

Аталған фактімен ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабымен («сеніп тапсырылған өзгенің мүлігін иемдену немесе жұмсау») сот алдындағы тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.