Елордада жаяу жүргіншіні қағып мерт қылған көлік жүргізушісі оқиға орнынан қашып кетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 6 қазан күні сағат 21:19-да «Chance» маркалы көлікті мас күйде басқарған жүргізуші Ә.Кекілбаев көшесімен келе жатып, Қ.Қайсенов көшесі қиылысында бағдаршамның тыйым салынған белгісіне қарамастан өтіп кетіп, жаяу жүргіншіні қаққан. Жүргізуші оқиға орнына бой тасалаған. Ал бағдаршамның рұқсат етілген белгісімен жаяу жүргіншілер жолы арқылы өтіп бара жатқан 28 жастағы жігіт алған жарақаты салдарынан оқиға орнында көз жұмды.
Оқиға орнынан бой тасалған «Chance» маркалы көліктің жүргізшісі сағат 21:22-де көше қиылысында тұрған «Lexus» көлігін соққан. Осыдан кейін ол көлігін тастап қашып кеткен. «Lexus» көлігінің жолаушысы – аяғы ауыр келіншек ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер қарағаннан кейін үйіне жіберілген.
«Жедел іздестіру шаралары барысында көліктің 23 жастағы мас жүргізушісін полиция қызметкерлері қолға түсірді. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, ол орта ауыр деңгейінде алкогольге мас күйде болған. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодек 345-1 бабы 3-тармағы және 347- бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Ұсталған азамат Нұр-Сұлтан қалалық ПД уақытша оқшаулағышына қамалды», - деп атап өтеді ведомстводан.
Жалпы, осы жылдың 9 айында елордада мас жүргізушілердің кесірінен 14 жол-көлік апаты орын алып, салдарынан 1 адам қаза тапса, 21 адам түрлі дене жарақатын алған.
«Мас жүргізушілердің кінәсінен орын алатын жол-көлік оқиғаларының саны артып келеді. Оқиға салдарынан кінәсіз адамдардың мерт болуы немесе жарынжан болып қалуы айрықша қайғылы жайт. Мас жүргізушілердің кінәсінен орын алатын апаттардың алду алу елордалық полицияның басым міндеті болып қала береді», - деді Нұр-Сұлтан қалалық ПД бастығы Ердан Сәденов.