Нұр-Сұлтан қаласында сахна өнері арқылы коронавирус індетімен күресте халыққа карантиндік, сақтық шаралар мен вакцинаның маңыздылығын жеткізген ашық аспан асты қойылымы өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Астана мюзикл» театрының әртістері ұсынған көрсетілімде «COVID-19» індетінің алдын алу және онымен күресте тиісті талаптардың сақталу керектігі насихатталды. Далада өткен хореографиялық қойылымды елорда жұртшылығы тегін тамашалай алды. Және оған 10-нан астам адам қатысты.
Іс-шараның мақсаты – сахна өнері арқылы карантиндік, сақтық шаралар мен вакцинаның маңыздылығына халықтың назарын аудару. Туынды толығымен өміріміздің қазіргі болмысын көрсететін шынайы оқиғаларға негізделген. Басты назарда – 2020 жылдың ең танымал сөзіне айналған «COVID-19» құбылысы. Театр әртістері бұл қойылым арқылы өмірдің басты құндылықтарын, карантин кезіндегі адамдардың ішкі ой-толғанысын, пандемияда адамзаттың басына түскен қиындықтарды жеткізді.
«Әлем болып күресіп жатқан коронавирус дертінің адамзат өміріне алып келген өзгерісі баршамызға айтпай-ақ түсінікті. Вирустың тарау салдарынан қаншама адам өмірден озды. Аурудан қорғану мақсатында бұрын болмаған каратиндік шектеулер енгізілді, сондай-ақ, вакцина алуда маңызды болып отыр. «COVID-19» қойылымын өткен жылдың тамыз айында қолға алып, биыл ақпан айында театрымызда алғаш рет көпшілікке ұсындық. Қойылымның мән-мазмұны мен тарихы тікелей өмірден алынған және бұл біздің ұжымның дебюттық шығарылымы. Бүгінгі қатысушылар әртістер ғана емес, сонымен қатар осы қойылымның авторлары болып саналады.Тағы бір айтып өтетін жайт бүгін біз қойылымның үзіндісін (15-20 минут) ғана ұсынып отырмыз, ал толықтай көрермен театрымыздан келіп көре алады» - деді «Астана мюзикл» театрының көркемдік жетекшісі Есләм Нұртазин.
Естеріңізге сала кетейік, елімізде алғаш болып пандемия тақырыбын көтерген қойылымның режиссер-хореографы – «Astana Musical» театрының әртісі Әнел Мырзағұлова, ал қойлым музыкасын театр әртісі Ақжол Өмірзақов жазған. Театрдың көркемдік жетекшісі Есләм Нұртазин.
Айта кету керек, іс-шара қалалық әкімдіктің қолдауымен барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып өтті. Қойлымға қатысқан барлық әншілер ПТР-тесттен өткен.
Әлеуметтік маңызға ие шығармашылық қойылымның толық нұсқасын астаналықтар 21-22 мамыр күндері «Qazagstan» орталық концерт залында ташалалай алады.