23 қар, 2021 сағат 11:10

Елордада сауда орталығынан 2,5 млн теңгенің алтын сағаты ұрланды


Елордадағы сауда орталықтарының бірінен құны 2,5 млн теңге болатын сағат ұрлаған күдік ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің мәліметіше, елорда тұрғыны Сейфуллин көшесі бойындағы сауда үйінде орналасқан дүңгіршектен белгісіз адамның қымбат сағат ұрлап кеткені туралы шағым түсірген. Тексеру барысында зардап шегушінің құны 2,5 млн теңге болатын 585 сынамалы Cartier маркалы алтын сағатты сатуға жарнама жасағаны анықталған. 

«Аталған тауарға ер адам қызығушылық танытып, телефон арқылы хат алмасу барысында сауда үйінде кездесіп, сағатты көрмек болады. Түскі ас уақытында дүңгіршекке келген ер адам сағатты мұқият қарау үшін үлкейткіш әйнек сұрайды. Дәл осы сәтте дүңгіршекке бір әйел кіріп, сақина таңдай бастайды. Сатушы клиентпен алаң болып жатқан сәтте ер адам алтын сағатты алып қашып кеткен», - деді департаменттен. 

Осыдан кейін күдікті ұстау іс-шаралары бірден қабылданып, көп ұзамай қолға түсті. 

«Ол 22 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Күдікті алтын сағатты 280 мың теңгеге ломбардқа өткізіп үлгерген. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 191-бабымен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Ұсталған жігіт кінәсін мойындады. Заттай айғақ тәркіленді. Күдікті уақытқа оқшаулағышқа қамалды», - делінген ведомство ақпаратында.