15 қаз, 2019 сағат 08:55

Елордада Онкологиядағы Дүниежүзілік көшбасшылар саммиті басталды

Бүгін елордада Онкологиядағы Дүниежүзілік көшбасшылар саммитінің жұмысы басталды. Шараға 70 елден 350 делегат қатысып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Форум жұмысына Халықаралық обырға қарсы одақ (UICC) президенті, жоғары мәртебелі ханшайым Дина Майред, Қазақстан Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қатысуда.

Ұйым мәліметіне қарағанда, обыр ауруы жүрек-қан тамырлары дерттерінен кейінгі өлім-жітімнің екінші себебі болып саналады. Өткен жылы бұл ауру әлем бойынша 9,6 миллион адамның өмірін қиды. Дүниежүзі бойынша 18 миллионнан астам адамға обыр диагнозы қойылған.

«Алайда қатерлі ісік емделушілер мен олардың отбасыларын қаржылық тәуекелге ұшыратып қана қоймайды, бұл сондай-ақ ұлттық экономиканы баяулатады. Обырдың жыл сайынғы экономикалық құны 2010 жылы шамамен 1,16 триллион АҚШ долларын құраған болатын», - делінген таратылған мәліметте.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, бүкіл әлемде 2040 жылға қарай жылына 30 миллион обыр ауруына шалдығудың жаңа жағдайы тіркеледі деп болжануда. Осы орайда үкіметтер обырдың сапалы алдын алуға, өз азаматтары үшін ерте анықтау мен басқару және қаржылық тәуекелдерден қорғау үшін обырға қарсы күрес жөніндегі қызметтерді қамтуы тиіс. Бұл тұрғыда денсаулық сақтау қызметтері жалпыға бірдей қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимылдарды жедел кеңейтуі қажет.

Айта кетейік, саммит жұмысы 17 қазанға дейін жалғасады. Бұл шараға денсаулық сақтау министрлері, сала мамандары шақырту алды.