22 қыр, 2020 сағат 11:12

Елордада несие әперем деп алдап, ақша жымқырған әйел іздестіріліп жатыр

Елорда полициясы жедел-тергеу шаралары барысында алаяқтық жасады деген күдікке ілінген әйелді анықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тәртіп сақшыларының мәліметінше, қазіргі кезде елорданың екі тұрғынын алдап соққан Қарағанды облысының тумасы бұған дейін осыған ұқсас қылмыстарды жасағаны үшін Алматы қаласында қамауда болған. 

Елордада бұрын «алаяқтық» бабы бойынша сотталған 32 жастағы күдікті әйел жәбірленушілерді алдап, 900 мың теңге көлемінде ақшалай соманы қалтасына басқан. Жәбірленушілердің айтуынша, алаяқ әйел олардан бұл соманы «Даму» қорынан несие рәсімдеуге көмектескені үшін алған. 

Аталған тұлғаның заңға қайшы әрекеттерінен зардап шеккен немесе ол туралы қандай да бір мәлімет білетін азаматтар Нұр-Сұлтан қаласының Бейбітшілік, 19 мекенжайында орналасқан полиция департаментіне немесе мына телефон нөмірлеріне хабарласа алады: 8 (7172) 71-61-71, 71-62-47, 71-60-10, 8-708-904-94-987.