Астана полицейлері азаматтарды университетке грантқа оқуға түсіремін деп алдаған алаяқты қолға түсірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полицияға елорда тұрғыны арызданған. Әйелдің айтуынша, оның танысы Нұр-Сұлтан қаласындағы медициналық университетке оқу грантын алып беремін деп уәде беріп, 2,5 млн теңге сыйақы сұраған.
Ақшаны қолына алған соң байланысты сиретіп, кейін мүлдем хабарсыз кеткен.
Кейінірек, уәде етілген грант алаяқтың арбауы екенін түсінген әйел полицияға жүгінді.
Полиция қызметкерлері жедел-іздеу шаралары кезінде күдіктіні қолға түсірді. Ол 33 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Ер адам кінәсін толығымен мойындап, ақшаны қажетіне жұмсап үлгергенін айтқан.
Осы факт бойынша ҚР ҚК 190-бабы («алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Оның осы секілді өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.