Елордада Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жұмысын қадағалау мақсатында арнайы кеңес құрылады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«МӘМС-ті халық арасында түсіндіру жұмыстары бүгінгі күнге дейін өз жалғасын табуда. Жыл басынан бері 11 мыңнан астам кездесу ұйымдастырылып, оның аясында 700 мыңнан артық ересек азамат қамтылды. Бұл – елорда жұртының 98,5 пайызын құрайды. Одан бөлек, әлеуметтік желілерде МӘМС туралы 15 мыңнан астам материал жарияланып, 1 млн астам түсіндірме парағы тұрғындарға таратылды. Сонымен қатар, алдағы 19 желтоқсан күні «IKOMEK» орталығы арқылы халыққа түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыратын боламыз. Және «Жанұя» отбасын қолдау ортылығында да ақпараттық түсіндіру жұмыстарын қолға алатын боламыз. Тағы бір айтып өтетін жайт, аталған жұмыстарға мониторинг жүргізу мақсатында біздің басқармада МӘМС бойынша кеңес құруды жоспарлап отырмыз. Қазір арнайы бұйрық шығару жұмыстары жүргізілуде. Оның мақсаты – МӘМС бойынша атқарылып жатқан жұмыс барысына мониторинг жүргізу», - деді С. Қисықова МӘМС жүйесін енгізуге арналған әкімдіктегі отырыста.