Елордада карантин тәртібін бұзғандар 150 миллион теңгеден астам айыппұл төледі. Бұл туралы қала әкімдігінің сайтында хабарланды.
Нұр-Сұлтанда мобильді топтар шағын және орта бизнес субъектілеріне рейдтерді жалғастыруда.
Полиция департаментінен мәлім еткендей, кейбір ойын-сауық мекемелері мен тұрғындар COVID-19 таралу қаупі артқанына қарамастан, ережелерді елемей келеді.
Атап айтқанда, 16 қараша күні сағат 00: 39-да мобильді топ «Qwartet» караоке-барында 40-қа жуық адам болғанын анықтады. 15 қараша күні сағат 23.54-те «Tequila» лаундж-барында 50-ге жуық демалушы отырған.
Ал 14 қарашада сағат 22:00-де «Зейд» мейрамханасында отбасылық мереке өткен. 40-тан астам қонақ 50 жылдық мерейтойға жиналған.
«Мекеме иелеріне қатысты жиналған материал процессуалдық шешім қабылдау үшін Нұр-Сұлтан қаласының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жіберілді.
Жалпы алғанда, 9 - 15 қараша аралығында мобильді топтар Алматы ауданында - 14, Байқоңыр ауданында - 7, Есіл ауданында – 18, Сарыарқа ауданында 18 бұзушылық анықтады.
16 қарашадағы жағдай бойынша, Нұр-Сұлтан қаласының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің аудандық басқармаларына карантинді бұзған адамдарға қатысты аудандық полиция басқармаларынан 2043 материал келіп түсті. Жалпы сомасы 193 288 236 теңгені құрайтын 963 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бүгінгі таңда жалпы сомасы 151 324 915 теңгеге 752 әкімшілік айыппұл төленді», - делінген ақпаратта.